Қарағанды қаласының әкімі Б.Әбдішевтің тұрғындар алдындағы «Жасампаздық пен табысты жылдар жемісі» атты есебі
Құрметті жерлестер!
Ел тарихындағы елеулі кезең, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алып, атап өту – 2011 жылғы атқарған біздің жұмысымыздың негізгі өзегі, бағыт-бағдары болды.
Былтырғы жыл азаматтардың әлеуетін арттырып, қаланың кескін-келбетін көркейтіп, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған маңызды оқиғаларға толы, жақсылығы мол, жемісті жыл болды.
Мемлекет басшысының облыс орталығында пайдалануға берілген бірегей спорттық нысандардың, жаңа зәулім мешіттің және ауыл шаруашылығына арналған ұшақ шығаратын зауыттың салтанатты жағдайда ашылуына қатысқанының куәгері болдық.
Қала орталығында Тәуелсіздік алаңы ашылып, көркем безендірілген саябақтар мен скверлер тұрғындар игілігіне берілсе, еңселі елдігіміздің ерекшелігін айшықтайтын ескерткіштер бой көтерді, ғарышкерлерге арналған бірегей сәулет композициясы, басқадай да түрлі нысандар іске қосылды.
Өткен жылы жоспарланған жобалар мен шаралардың барлығы экономикамыздың өркендеуі мен өнеркәсіптік кешендердің қарқынды дамуының нәтижесінде табысты іске асырылды.
Экономика
Қаламыздағы іргелі және орта кәсіпорындар 154,5 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірген, бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда өнім шығарудың 29,5% ұлғайғандығын айғақтайды. Нақты көлем индексі (НКИ) 114,8% құрады.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 74,2 млрд. теңге, НКИ-137%.Мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру аясында өткен жылы жалпы сомасы 23,4 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылды, соның нәтижесінде 570 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Ағымдағы жылы тағы да жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, бұл 615 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға негіз қалайды.
Іргелі өндіріс орталығының мүмкіндігі бұдан да зор, сондықтан да алдағы уақыттарда қалаға тағы да жаңа инвесторларды тарту мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылуда.
Қала экономикасының қарыштап дамуына шағын және орта бизнестің дами түсуі берік негіз қалап отыр. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндірген өнім көлемі 212,8 млрд. теңгеден астам, бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 18,9% артқандығын айғақтайды.
Белсенді шағын және орта бизнес нысандарының саны өткен жылға қарағанда 13,9% артып, 20,1 мың бірлікті құрады.
Сонымен, жалпы қала бойынша жаңадан 3889 жұмыс орны ашылды, бұл дерек 2010 жылмен салыстырғанда жұмыс деңгейінің 7,2%. артқандығын айғақтайды.
2011 жылы жалпы өнім өндіру көлемі 2,3 млрд. теңгені құрады, НКИ-100,3%.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру көлемінің арта түсуіне Индустрияландыру картасы жобасы, «Green Technology» ЖШС жылыжай кешенінің іске қосылуы, «Қарағанды ұн тарту комбинаты» ЖШС диірмен кешенінің жаңғыртылуы және кеңейтілуі, «Арай КZ» ЖШС ет өңдеу кешенінің тұрақты жұмыс атқаруы игі ықпалын тигізді.
Елбасы кезекті Жолдауында делдалсыз бөлшек сауда саласын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету механизмін енгізу қажеттігіне ерекше назар аударған болатын.
Инфляция қарқынын ауыздықтау мақсатында әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде жалпы сомасы 100 млн. теңгені құрайтын қалалық қор құрылып, соның есебінен жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен келісімді бағамен өнім сатып алуға байланысты алдын ала келісім-шарттар жасалды (картоп-1800 т. сәбіз-100 т. қызылша-50 т. сарымсақ-200 т. қырыққабат-304 т.)
Ерте көктемнен бастап қалада апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, онда бірінші қажеттіліктегі өнім түрлері сатылды. Аталған шара барысында жалпы сомасы 367 млн. теңге болатын 1707 тонна жеміс-көкөніс саудаланды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын күзгі «Ауыл Береке» жәрмеңкесіне 8 ауданның шаруашылықтарынан келген және жергілікті тауар өндірушілер қатысып, олар 265,7 млн. теңгенің өнімдерін сатты.
2011 жылғы 27 желтоқсаннан бастап қаламыздағы шағын аудандарда және тұрғын үй алаптарында көшпелі шағын жәрмеңкелер өткізіліп, 30 тоннадан астам жеміс-көкөніс өнімдері сатылды.
Мұндай шаралардың барлығы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеді.
Бұдан басқа, қала тұрғындарын келесі жиын-терім науқанына дейін қамтамасыз етуге жетерлік жеміс-көкөніс қоры жинақталған.
Ағымдағы жылы «Green Technology» ЖШС жылыжай кешенінің аумағын 24 га. кеңейтіп, қызанақ, қияр өсіру жұмысын жандандыру қолға алынбақ. Сөйтіп, қарағандылықтар жыл он екі айда өз жерінде өсірілетін арзан бағадағы көкөніспен қамтамасыз етілетін болады.
Өнеркәсіп пен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының тұрақты жұмыс атқаруы қалалық бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға ықпал етті. Жалпы кіріс 19,2 млрд. теңгені құрады, бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 129% өскендігін көрсетеді.
Тұрғындарды әлеуметтік қорғау
Қаланың 61 705 азаматына жалпы сомасы 1,1 млрд. теңге болатын тиісті төлемдер беріліп, әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілді.
1790 мүгедек техникалық қосалқы және жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіліп, олардың емдеу-сауықтыру шипажайларына баруы үшін жолдама берілді.
2011 жылы үйге барып әлеуметтік көмек көрсететін аудандық бөлімшелердің ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған мекемелерде 18 жастан асқан 160 адамға арналған психоневрология жүйесі сырқатына шалдыққан мүгедектердің үйіне барып көмек көрсететін 2 әлеуметтік бөлімше ашылды.
Былтырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы өзін-өзі жұмыспен қамтуға талап білдірушілердің, жұмыссыздар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың еңбекке араласуына мүмкіндік туғызуға бағытталған. Бұл игілікті шараны іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінді.
Аталған бағдарлама аясында сұранысқа ие 27 мамандық бойынша 642 адам қайта оқуын аяқтады.
Бағдарламаға қатысушы 304 адамды оқыту жалғастырылуда, оқуға тағы да қосымша 175 адамды жіберу және 100 әлеуметтік, 300 жастар тәжірибесі бойынша жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жалпы қала бойынша жұмыспен қамту органына 13 804 азамат өтініш білдіріп келсе, оның 11 855-і жұмысқа орналастырылды.
2011 жылы орташа айлық жалақы көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 20,3% артып, 74 184 теңгені құрады.
Білім беру
Мектепке дейінгі, жалпы орта және кәсіби-техникалық білім беру сияқты құрылымдық, құрамдас бөліктің сабақтастығын ажыратпай, одан әрі өрістету – қазақстандық білім беру жүйесі ұлттық үлгісінің түп қазығы болып табылады.
Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту саласында қосымша жүйелер құрылымы түзілуде. Түрлі меншік нысанындағы балалар бақшалары мен шағын орталықтар көптеп ашылуда. 2011 жылы мектепке дейінгі мекемелерде 3337 қосымша орын ашылды.
Бүгінде 15 024 бүлдіршін бала- бақша мен шағын орталықтарға барады. Бұл кезекте тұрған жалпы 3 пен 6 жас аралығындағы балдырғандардың 86,14% қамтылғандығын айғақтайды. Аталған дерек 2010 жылмен салыстырғанда балаларды бақшаға орналастырудың 21,5% артқандығын айқындайды. Дегенмен де, әлі де балабақшаға бару кезегінің тізімінде 6 жасқа дейінгі 17 441 бүлдіршін тұр. Олардың 1950-ге жуығы 3 пен 6 жас аралығында.
Мемлекеттік жеке әріптестік аясында салынып жатқан 11 балабақша пайдалануға берілсе, бұл мәселенің оңтайлы шешілетініне негіз болмақ. Бұл бағытта өткен жылдың желтоқсан айынан бастап тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, 2011 жылы 2010 жылға қарағанда білім беру саласын қаржыландыру 25% көбейтілді. Нәтижесінде көптеген оқу ордаларының оқыту-материалдық базасы нығайтылып, 75 білім ошағына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, 59 мектепке, 3 мектеп-интернатқа, 13 балалар бақшасына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, сонымен қатар, 1-4 сынып аралығындағы оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жағдай жасалып отыр.
Мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 455 млн. теңге бөлінсе, негізгі жұмыс ауқымы пластикті терезелер орнатуға, мектептің кіре берістері мен шатырлары, 50 білім нысанының тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері жаңартылатын болады.
2011 жылы қала мектептерінде 3 лингафонды-мультимедиялық кабинет пен 5 биология пәнінің кабинеті ашылды. Екі білім беру мекемесінде №39 және 92 гимназияда e-learning электронды оқу жүйесі енгізіле бастады.
Оқушыларға арналған жиһаздар мен мектеп асханасына қажетті жиһаздар сатып алынады.
Алғаш рет қала бюджетінен бөлінген қаржыға 30 пәндік кабинет, атап айтқанда, физика, химия, математика және шет тілдерін оқыту кабинеттері тиісті талапқа сай жабдықталмақ. Сонымен қатар, оқушыларға арналған жиһаздар мен мектеп асханасына қажетті жиһаздар сатып алынады.
Қосымша 500-ден астам компьютер сатып алынбақ. Сөйтіп, компьютермен қамтамасыз ету деңгейін 8 оқушыға шаққанда 1 компьютерден келуіне қол жеткіземіз. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 9 оқушыға 1 компьютерден болатын.
Білімді балалардың талабын одан әрі ұштау мақсатында талантты да дарынды деп танылған 145 оқушыға республикалық демалыс-ойын-сауық мекемесіне барып қайтуына жолдама берілді.
2011 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Салют» демалыс-сауықтыру лагерін білім беру бөлімінің қарамағына берді. Аталған демалыс лагерін қайта жабдықтауға жергілікті бюджеттен 111,8 млн. бөлінді.
Маусымның ашылу салтанатын ағымдағы жылдың маусым айында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сөйтіп, биылғы жылы аталған лагерьде 3000 бала демалып қайтатын болады.
Спорт
Қаламызда барлық меншік нысанындағы 726 спорт ғимараттары жұмыс істейді. Тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту 31,6%-ды құрайды. Пайдалануға берілген жаңа 3 спорт нысаны (Мұз айдыны сарайы, Теннис орталығы, Бокс орталығы) спортпен шұғылданушылар қатарын көбейте түсуге септігін тигізері сөзсіз, ол үшін барлық жағдай жасалуда.
Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында белгілі бір жүйемен салынатын, шағын аудандарға орналастыруға ыңғайлы дене тәрбиесі-сауықтыру кешені құрылысының жобасы әзірленуде.
2012 жылы демеушілердің көмегімен Майқұдықтың 12-шағын ауданындағы «Литейщик» стадионын және №8 орта мектептің жанындағы көп салалы спорттық кешенді қайтадан жөндеуден өткізу жұмыстары басталмақ (жасанды көгалмен көмкерілген футбол алаңы, волейбол алаңы, жеңіл атлетика жолы, көп салалы хоккей корты).
Қаламыздағы 39 аула клубтары тиісті талап деңгейінде жұмыс атқаруда, олар ұйымдастырған шараларға 34 544 балалар мен ересек қатысты.
Дене тәрбиесі-бұқаралық шараларды белсенді жүргізуге қатысты 2011 жылы 235 жалпықалалық шара ұйымдастырылса, оған әр жас деңгейіндегі 28,5 адам қатысты.
Қарағандылық спортшылар облыстық жарыстарда жүлдегер атануымен қатар, республикалық және халықаралық деңгейдегі ұйымдастырылған бәсекеде бірнеше мәрте жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, жеңімпаз атанды. 2011 жылы Қарағандылық «Шахтер» футбол командасы құрылғаннан бергі тарихында алғаш рет Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы болды.
Мәдениет
Өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын кеңінен атап өтуге байланысты және елімізде жетінші Азиада ойындарының өткізілуіне, дауылпаз ақын Қ.Аманжоловтың 100 жылдығын кеңінен атап өтуге орай көптеген мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылды. Жоғарыда аталған оқиғалар аясында 5085 мәдени-бұқаралық шара өткізіліп, оған 50 мыңнан астам адам қатысты.
Қаламыздағы мәдени-сауық мекемелерінде («Молодежный», «Жаңа Майқұдық», «Теміржолшылар» мәдениет үйлерінде) техникалық, халық қолданбалы шығармашылығы, 20 әуесқой бірлестігі, 41 халық көркемөнер шығармашылығы сияқты түрлі үйірмелер 5804 адамды қатарына тартқан. 11 ұжым «Халықтық» және «Үлгілі» деген атаққа ие болған.
Қала бюджеті есебінен «Орталық бұқаралық кітапханалар жүйесі» ММ, «Қарағанды мемлекеттік аңдар саябағы» ҚМКК, 124 саябақ пен скверлер қаржыландырылады.
Қаламызда тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мақсатты жұмыстар атқарылуда. Меншік нысанына қарамастан, барлық мекемелер мен ұйымдарда қазақ тілін оқыту курстарын жүргізу жүйесі кеңейтілуде. Мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту мақсатында семинарлар мен конкурстар ұйымдастырылып, әр жас деңгейіндегі тұрғындардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қасым Аманжоловтың, Қаныш Сәтбаевтың, Қазыбек бидің ескерткіштері ашылды.
Коммуналдық меншік
Қаланың коммуналдық меншігінде 29,5 млрд. теңге тұратын 48 376 нысан бар, оның ішінде:
– инженерлік желі 1770;
– құрылғылар – 1195;
– жеке тұрған ғимараттар, бөлмелер мен насос ғимараттары – 506;
– икемді көліктер – 278;
– жол инфрақұрылымдары – 32.
Иесіз желілерді анықтау жөніндегі жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Есепті мерзім ішінде ұзындығы 124,9 км осындай 237 желі анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Кәсіпорындарды жалпы үйлестіру мақсатында қалада жұмыстар мынадай сызбамен басқарылады:
– барлық саябақтар мен бақжолдарын сақтау «Саябақтар мен бақжолдары басқармасы» КМК-на;
– барлық жарықтандыру желілері, оның ішінде ауладағы, бақжолдары мен саябақтардағы желілер «Горсвет» КМК-на;
– өтпе жолдар, жол бойын көгалдандыру жөніндегі жұмыстарды есепке ала отырып «Благоустройство» КМК-на жүктелген.
Тұрғын үй құрылысы және сәулеткерлік
Маңызды мәселелердің бірі қала тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады.
Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 2011 жылы 127,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы қалада несиелігі бар, жалгерлігі және коммуналдығы бар, барлығы 497 отбасы тұрғын жаймен қамтамасыз етілді. ҰОС-ның ардагерлері мен мүгедектерін пәтермен қамтамасыз ету жөніндегі кезек толық жойылды.
Биылғы жылы барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 148,1 мың шаршы метр тұрғын жайды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы тұрғын үй салу және қайта жарақтандыру есебінен 919 отбасын қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде 17 пәтер жетім балалар, 181 – «Еңбекпен қамту 2020» бағдарламасына қатысушы және 724 отбасы несиелік және ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Қазіргі күнге дейін тұрғын үйді қажетсінетіндердің саны қала бойынша 5500 адам. Бұл мәселені шешу үшін Елбасының Жолдауда айтқан екінші бағыты «Қолжетімді тұрғын үй» бағыты аясындағы жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
Қаланың бас жоспарына сәйкес жеке тұрғын үйлер салуына аумақтан 3150 га жер бөлу көзделген, оның ішінде 1750 га жердің инженерлік коммуникациясы жоқ, сондықтан нақты жоспар жасау талап етіледі.Жеке үй салуға бөлінген 7244 га жердің қазір тек 2170 гектары ғана игерілген. Үстіміздегі жылы нақты жоспар жасауға 94 млн. теңге және инженерлік инфрақұрылым салуға 876 млн. теңге («Күнгей», «Таугүл», «Оазис», Алмалы» және «Алтын» ы.а.) бөлінді. Жоспарланған шараларды орындаудың нәтижесінде 4 мыңнан астам азамат жаңа және жекелей үй құрылысын салу үшін бұрыннан бөлінген телімдерді игеруге мүмкіндік алатын болды.
Қала бюджетінен бөлінген қаражат есебінен 96 млн. теңгеге қаланың электрондық картасы жасалды, соның арқасында біз қаланың жер телімдерінің бөлінуін және инженерлік инфрақұрылымның салынуын реттей және бақылай аламыз.
Қаланың сәулеткерлік бейнесін жақсарту мақсатында, сол сияқты Қарағанды қаласының Аумағын салу ережесін және Сәулеттендіру ережесін жүзеге асыру мақсатында қаланың орталық көшелері мен тұрғындар көп жүретін жерлерден (бақжолдары, аллеялар, саябақтар) дүңгіршектерді көшіру жөніндегі жұмыстар басталды. Аталған ережелерде бекітілген типтік талаптарға сәйкес автотұрақтарды тиісті ретке келтіру жөніндегі жұмыстар да жүргізілуде.
Өткен жылдан бастап қаланың Сәулет бөліміне сыртқы «көріністі» жарнама нысандарын орналастыруға рұқсат беру жөніндегі міндеттер жүктелген. Жарнама нысандары тиісті жағдайға келтіріліп, жарнама құрылымы жаңғыртылып, жетілдірілуде, қаланың сәулетімен түр-түсімен және мәнерімен үйлесетін осы заманғы шағын үлгілер (пилондар, лайтбокстар) орнатылуда. Жарнаманы заңсыз орнатудың алдын алу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Мұндай шаралар қаланың көшелерін, ғимараттардың қас беттерін, аялдама павильондарын және Қарағандының тұтастай бейнесін тиісті жағдайға әкелетіні сөзсіз.
2011 жылы Қарағанды қаласы әкімдігі жанындағы Сәулет-қала құрылысы кеңесі көптеген жұмыстар атқарды, оның мәжілісінде 10 жоба қаралып, талқыланды. Оның ішінде аса ірілері: «Шығыс», «Орбита», «Алтын Арба» базарларын, Жеңіс саябағындағы стелланы қайта өзгерту, темір жол бекеті алдындағы алаңды сәулеттендіру, «Тәуелсіздік» стелласын және «Ғарышкерлік» мүсіндік композициясын орнату, сол сияқты Қарағанды қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасына енгізілген Орталық саябақты қайта жаңғыртуға арналған үш жылдық жоспар.
Құрылыс және жол жөндеу
Қазіргі заманғы көлік инфрақұрылымын тиісті талапқа сай қалыптастыру бәсекелестікті одан әрі дамытудың басты бағыты болып табылады. Сондықтан да, автокөлік жолдарының сапасын жақсарту мәселесі басты назарға алынған.
Жалпы, қаладағы көлік жолдарын жөндеуге және қалпында ұстауға есептік кезеңде 2,5 млрд. теңге бөлінді.
129,8 млн. теңгеге қала көшелеріндегі 56 мың шаршы метрді құрайтын жол ойықтары жөнделді. 244 мың шаршы метрді құрайтын қаладағы 8 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бейбітшілік гүлзары бойындағы жолды жөндеу кезінде қиыршық тасты-мастикалық, бетонды асфальт төселінді. Ол өз кезегінде жол жабындысының физикалық-механикалық беріктігін арттыруға септігін тигізеді, әрі ұзақ уақытқа шыдас береді. Нәтижесінде жол жөндеу шығыны едәуір мөлшерде азаяды.
Көп жылдардан бері қараусыз қалып, жөндеу көрмеген «Алматы – Астана» айналма автожолындағы жолөтпеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғастырылатын болады.
Сонымен қатар, қаладағы барлық жолөтпелердің техникалық жағдайына сараптама жасалып, тексеріліп отырады және олардың тиісті қалыпқа сай жұмыс атқаруын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіледі.
Жаңадан 2 автокөлік жолы Тәттімбет көшесі (Мұқанов көшесінен Күнгей шағын ауданына дейін) мен Волочаев көшесі (Республика даңғылынан спорт нысандарына дейін) салынды.
Биылғы жылы Тәттімбет көшесі мен нан-макарон комбинаты жанындағы күре жолмен «Көгілдір тоғандар» шағын ауданының арасын жалғастыратын жаңа жол құрылысын жүргіземіз. Екі ауданның арасын жалғастыратын күре жол аталған бағыттағы және көпір арқылы жүретін көліктердің ағынның азайтуға септігін тигізбек.
Бюджет қаржысын бөлу кезінде қала тұрғындарының квартал ішіндегі жолдарды ретке келтіруге байланысты айтқан ұсыныс-пікірлері ескеріліп, әрбір мекен-жай бойынша сараптама жасалынып, бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін жол бөліктері мен ішкі жолдар жағдайы жан-жақты талқыланды.
376 шаршы метр болатын 31 квартал ішіндегі жолдарды жөндеуден өткізуге 1,2 млрд. теңге қаржы қарастырылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
Қала тұрғындарына коммуналдық қызмет көрсету сапасын арттыру – біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі.
2011 жылы жаңа жылу беру маусымына дайындық жүргізу барысында келесі жұмыстар іске асырылды.
«Қарағанды Энергоорталығы» ЖШС 1-ші және 3-ші жылу электр орталығындағы 6 қазандық пен 2 турбинаны жөндеуден өткізуге және №5 жаңа турбинаны іске қосуға 11,8 млрд. теңге инвестиция салды. Бұл өз кезегінде электр қуатын 120 Мвт-қа арттырып, жылу беруді 185 Гкл-ға ұлғайтуға негіз қалады. Сондай-ақ, бу өндіретін қазандық агрегатын номиналдық қуатын 420 т/сағатқа арттырып, орнатылған қуаттың пайдалану коэффицентін 65,2%-ға ұлғайту, көмірді 50,8 мың тоннаға дейін немесе 118 млн. теңгеге үнемдеуді қамтамасыз етілетін болады.
Биылғы жылы жалпы жөндеу жоспарын орындау 6,2 млрд. теңгені құрайды.
Есепті мерзім ішінде «Қарағанды жарық» ЖШС 330 км. электр қуатын беру желісін және 124 трансформаторлық төменгі станцияны 921 млн. теңгеге жөндеп шықты. Бұдан түскен электр қуатын үнемдеу тиімділігі жылына 53 мың квт/сағ. немесе 457 млн. теңге болды.
2012 жылы жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 9,1 млрд. теңге инвестициялау жоспарлануда, 250 МВт «Жарық» төменгі станциясын салу басталды, ол Қарағанды қаласының электр қуатын беруді жақсарта түседі.
«Жаңа Қала – Федоровка», (Жаңа Қала – Сантехникалық» ВЛ-110кВ және «Сантехникалық – Соқыр» ВЛ-35кВ қайта жасау жөніндегі жұмыстар басталып, «Ботаникалық», «Оңтүстік-Шығыс» төменгі станцияларының жаңғыртылуы жалғасуда, сол сияқты «Ұнкомбинаты» төменгі станциясын қайта жаңарту жұмысы басталады, 10-6-0,4кв тарату желісін реконструкциялау, алғашқы кезекте Майқұдық, Пришахтинск, Федоровка, Михайловка елді мекендерінің жеке меншік секторларында орындалатын болады.
«Теплотранзит Караганда» ЖШС құбырлар мен жылу сақтағыш құбыр орамдарын ауыстырып, М5 жылу жүйесі магистралін қайта жабдықтады. Мұндай шара жылу жүйелеріндегі шығынды азайтып, судың босқа ағып кетпеуін 2800-ден 2100 т/с кемітсе, апатты жағдайдың орын алуын 21% азайтуға септігін тигізді.
Көптеген жылдар бойына шағын кенттерді тұрақты түрде жылумен қамту жұмысы күрмеуі қиын мәселе болып келеді. Олар: Осевая көшесі (Кірпіш зауыты), Шахтерлер кенті, Темір-бетон бұйымдары зауыты ауданы, Медсанчасть елді мекені, сонымен қатар, Пришахтинскінің шағын аудандары болып табылады.
Қалада жалпы ұзындығы 71,6 шақырымды құрайтын, су жеткізетін 7 негізгі құбыр бар.
Өткен жылы құны 1,9 млрд. теңге, ұзындығы 47,2 шақырым болатын № 4,5 су жеткізгіш құбырлары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Аталған жұмыстарды атқару нәтижесінде судың босқа ысырап болуы 3,8 текше метрге азайса, жүйелердегі апатты жағдай 70% кеміді.
Су тазалағыш қондырғылары жаңғыртылып, көмірлеу цехының құрылысы жүргізілді. Бұл мақсатқа 80 млн. теңге қаржы бөлінді. Аталған шара суда бөтен иістің болмауын қамтамасыз етеді.
2012 жылы №4, 5 су жеткізгіш құбырдың құрылысын аяқталып, 1-ші тазалау қондырғысы бөлігі қайта жабдықталмақ. Нәтижесінде, Пришахтинскіні, Шахтерлер кентін, Финский және Тихоновка елді мекенін, сонымен қатар, Көгілдір тоғаннан бастап Восток 5 шағын ауданына дейін және Майқұдықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту
Тұрғын үй қорын қалпында ұстау мәселесін шешу үшін 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау және жаңғырту жөніндегі республикалық бағдарлама аясында қаламызда көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған бағдарламаны іске асыруға қатысты республикалық бюджеттен 2011 жылы 515,6 млн. теңге бөлінді.
48 нысан жөндеуден өткізілді. Оның ішінде 21 үйдің қасбеті мен шатыры және инженерлік жүйелері жөнделсе, 27 үйдің жеделсатылары айырбасталды.
Қалалықтардың тұрмыс-тіршілігі мен тұрғылықты жерлерінің жайлы болу мәселесін кешенді түрде шешу мақсатында 134 аула алаңын абаттандыру, оның ішінде ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына қатысушы 34 үйдің аулалары мен балалар алаңы абатттандырылып, кешенді жұмыстар 100% атқарылатын болады. Басқару формасының болмауы қалалықтардың ТКШ бағдарламасына қатысу мүмкіндігінен айырып, сапалы коммуналдық қызмет түріне қол жеткізуден қағып, жайлы тұрмыс кешуден шеттетеді. Ал, жаңадан ПИК құру немесе жұмыс істеп тұрған кооперативтерге мүше болу – ТКШ бағдарламасы ұсынатын барлық жағдайға ие бола алады.
Аталған мәселені біржақты ету үшін қаламызда 30 қоғамдық жергілікті өзін-өзі басқару комитеті құрылған. Олар тұрғын үйлердің қысқы маусымдық жұмысқа дайындалуын, абаттандыру, санитарлық жағдайдың қалыпты болуын, қоғамдық тәртіпті сақтауға ат салысуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрғындарға басқару формасын ұйымдастыруға көмек көрсетеді. Аталған комитет қала тіршілігіне қатысты барлық деңгейдегі атқарушы билік органдары мен пәтер иелері арасын жалғастырушы әрі ортақ жұмысты үйлестіруші болып табылады.
Есепті кезеңде комитет мүшелері 18 тұрғын үйге қызмет көрсететін 7 ПИК құрып, 42 үйді жұмыс істеп тұрған ПИК-ке қосып, тұрғындармен 595 рет кездесу өткізген.
2012 жылы тағы да 32 қоғамдық жергілікті өзін-өзі басқару комитетін құру үшін 32,6 млн теңге бөлінді.
Абаттандыру
Тұрғындардың жайлы өмір сүрулеріне жағдай туғызу үшін 2 млрд. теңгеге жалпы көлемі 22 га болатын 13 сквер абаттандырылды. Қаланың кескін-келбетін ажарландыра түсу үшін шағын сәулет формалары қойылды. Сәнді орындықтар қойылып, түрлі-түсті жарықшамды тіректер орнатылды, қосымша сыртқы жарықшамдар қойылды. Көпшілік тұрғындардың өтініші бойынша кейбір скверлерге түрлі-түсті жарықпен безендірілген әуенді субұрқақтар орнатылды.
2012 жылы тағы да 9 скверді абаттандыру жоспарлануда. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы атындағы саябақты көркейту жұмыстары жалғасуда, Орталық мәдениет және демалыс саябағын қайта жарақтандырудың бірінші кезеңі басталмақ.
Гоголь көшесіне және Бейбітшілік гүлзары бойына, Волочаев және Тәттімбет көшелеріне ыстықтай қақталған мырышпен көмкерілген, жемірілуге жол бермейтін, жарық диодты және жарық үнемдегіш құралдармен жабдықталған 345 жарықшам орнатылды.
Үш мыңнан астам жалау құрамасы мен шағын сәулет формасы және түрлі сәулелі шамдар дайындалып, орнатылды.
Қазыналы қаламызды мереке кезіндегі безендіру тұрғындар мен қала қонақтарына қандай көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, күнделікті де Қарағанды қаласының келбетін одан әрі ажарландыру бағытындағы шаралар одан әрі жалғасын табатын болады. Мұндай үрдіс ендігі кезекте қала орталығында ғана емес, шеткері орналасқан аудандарда да жалғасын табатын болады.
Өткен жылы 12 рет облыстық және жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылып, «Таза бейсенбі» шарасы жүйелі түрде өткізіліп келеді. Игілікті шараға 39 мың адам қатысып, 38,4 мың гектар аумақ күл-қоқыстан тазартылды. Бей-берекет төгілген үйінділер тазаланып, 12 378 түп ағаш отырғызылды.
Қоғамдық қауіпсіздік және жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзушылықтың алдын алу
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ауқымды шараларды іске асыруға қатысты адамның барлық қабілет-қайнарын жұмсай отырып, мемлекет пен қоғамды жаңғырту үрдісін кезең-кезеңімен жүзеге асыру міндетін атап көрсеткен болатын. Алдағы он жылдыққа арналған мақсаттар мен міндеттер үрдісінен көріне білуге, басты құжаттағы басым бағыттарды іске асыруға түрлі деңгейде көрініс табатын сыбайлас жемқорлықтың орасан зор кедергі келтірері анық.
Осыған байланысты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылықтарды орындауға қатысты Қарағанды қаласы бойынша 2011-2015 жылдар аралығында жемқорлықтың жолын кесу мақсатында атқарылатын тиісті шаралар жоспары құрылған болатын. Есепті кезеңде қала әкімі қоғамдық кеселге қарсы ымырасыз күрес жүргізу мақсатында, құрамында мемлекеттік мекемелердің, бизнес-құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі штаб құрған болатын.
Мемлекеттік органдардың қызметіне байланысты ақпарат пен шолуға қол жеткізу мақсатында 16 қоғамдық қолжетім пункті ашылды.
Қалалық әкімдіктің «Ашық есіктер күнін» өткізу дәстүрге айналып, тоқсанына бір рет өткізіледі.
Қала әкімі аппаратының сайтынан тұрғындармен жұмыс жөніндегі ақпаратты, атап айтқанда тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімдерін, мектепке дейінгі мекемелердің кезегінде тұрған балалардың тізімдерін, жеке тұрғын үй салуға жер учаскесін сұрап өтініш берген азаматтардың тізімдерін, мемлекеттік сатып алу және бос орындар туралы мәліметтерді алуға болады.
Мемлекеттік органдардың бюджеттік қаражатты ұстаудағы шешімдердің жариялылығы туралы ақпарат қамтамасыз етілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға тиісті құжаттардың тізімі анықталды. Мемлекеттік қызметтің 20 түрі электронды форматқа көшірілген. Осының барлығы, менің ойымша, шенеуніктермен тікелей байланысты шектеп, өз кезегінде билік саласында сыбайластық көріністерін азайтатын болады.
Бүгінгі күнде қаламызда қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықты, соның ішінде жол полициясы саласындағы қылмысты шұғыл ашуға мүмкіндік беретін 268 бейнекамера жұмыс істейді.
Қазіргі бар жарық бағандарын сақтай отырып, оларды қалпына келтіру және жаңасын орнату жұмысы басталады. Осы жұмыс қаладағы криминогендік жағдайды тұрақтандыруға себеп болады. Сол себепті, осы мақсатқа 527 млн. теңге бөлініп, 1116 шам орнатылатын болады.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын қалалық ішкі істер басқармасының патрульдік полиция полкінің 495 қызметкері және №5451 әскери бөлімнің әскери қызметшілері 3 ауысым бойынша кезекшілікке шығады. Оларға 477 патрульдік маршрут жасалған (374-і жаяу, 125-сі автомашинамен).
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2011 жылы 10 бағдаршам, 640 жол белгілері орнатылып, 43 мың шаршы метр жерге жол бедерлері жасалып, Кривогуз көшесі мен Бейбітшілік бульварына дыбыс шығаратын жол бедері орнатылды, осының барлығы жол-көлік оқиғаларының санын, жалпы алғанда, 5,6 %-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Үстіміздегі жылы 3 бағдаршам, 470 жол белгілерін орнатып, 55 мың шаршы метр жерге жол бедерлерін жасау жоспарланған.
Кәмелетке толмағандар ісі және қылмыстың алдын алу жөніндегі қалалық комиссия олардың құқын қорғауға байланысты белсенді жұмыс жасауда. 2010 жылы соның нәтижесінде құқық бұзушылық 7%-ға төмендеді.
Тұрғындармен жұмыс
Біздің жұмысымызды бағалау үшін қала тұрғындарына аса маңызды болып саналатын жұртшылықтан түскен хаттармен, арыз-шағымдармен және өтініштермен жұмыс жайын білу қажет болып табылады. 2011 жылы жеке және заңды тұлғалардан 7331 өтініш-тілек келіп түсті. Қала басшысының қабылдауында 966 адам болды. Менің жеке блогыма әр түрлі мәселелермен 727 өтініш хат келіп түсті.
Қала әкімдігінің 64 мәжілісі өткізілді, онда 4324 қаулы қабылданды, оның ішінде жерге орналастыру мәселесі бойынша қаралған акті 2606 немесе 60%.
Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, тұрғындарға мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, әкімшілік рәсімдерді қарапайымдандыру, компьютерлік сауаттылықты арттыру қажет. Осыған байланысты қаланың барлық мемлекеттік органдары электрондық құжат айналымына көшуді жүзеге асыруда. Бұл жұмыстар 2012 жылы аяқталатын болады. Сөйтіп, жұмыстың жеделдігін арттырып, тұрғындармен өзара қарым-қатынастың жаңа принциптік деңгейіне көтерілеміз.
Ішкі саясат
Есепті мерзім ішінде жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат саласындағы қызметі Елбасының Қазақстан халқына «Болашақты бірге құрамыз» атты Жолдауындағы, сол сияқты Қазақстан Республикасының тарихи және 20 жылдық мерейтойындағы алға қойған міндеттерді түсіндіруге бағытталды.
Өткен жылы үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жалпы сомасы 42 млн. теңге болатын 28 жобаны жүзеге асырды. Қала тұрғындарының патриоттық сезімін қалыптастыруға «Біз – қарағандылықтармыз!», «Қарағанды қаласы жастарының алтын кітабы» жобалары, замандастардың «Замандас» конкурсы, зияткерлік ойындар, жастар арасындағы дебаттық ойындар және басқаларын атауға болады.
Қарағанды қаласында саяси партиялардың 9 филиалы, 75 діни бірлестік жұмыс істейді. Діни лаңкестіктің алдын алу, саясат ішілік тұрақтылықты, этнос аралық және конфессия аралық келісімді нығайту, кері көріністерді болжау және оны болдырмау мақсатында діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес жұмыс істейді.
Ақпараттық сауаттылықты арттыру, Ел Президентінің Жолдауларын, мемлекеттік саясатты, әлеуметтік-экономикалық дамудың қалалық бағдарламасын жария ету Қарағанды қаласы ақпараттық саясатының негізгі басым бағыты болып саналады.
Былтырғы жылы әкімдіктің ақпараттық кампаниясы аясында жыл бойы қаланы дамытудың маңызды мәселелері бойынша эфирге «Жоғары мәдениеттілік үшін» бағдарламасы 31 рет шығарылды, ол өзара пікір алмасудың және Қарағанды қаласы жергілікті атқару органдары мен тұрғындарының өзара іс-қимылының тетігіне айналды.
Құрметті қала тұрғындары!
011 жылдың негізгі қорытындысы осындай. Бұл Елбасының, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған міндеттерінен туындайтын, қаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі атқарушы билік органдары жүргізіп отырған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Қорытынды өңірдің өсіңкі дамуын растайды және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Барлық белгіленген бағдарламаның, қаланың бұдан әрі қалай дамитындығының, халықтың әл-ауқат жағдайының қалай дамитындығының биліктің барлық буындарының жинақылығы мен жұмысының нақтылығына тікелей қатысты екендігін түсінеміз.
Бүгінгі күні біздің барлығымыз еліміздің, біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Экономикасы, зияткерлігі дамыған біздің қаламыз адам әлеуетіне ие бола отырып, біздің мемлекетіміз мықты, саяси тұрақты және онда келісім болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды.
Біз өзіміздің еңбегімізбен қаланың әрбір тұрғыны қоғамдық қолайлылықты сезініп, ертеңгі күнге деген сенімі мықты болуы үшін барлығын жасайды деп сендіре аламын.
Біз қол жеткізген табыстарымызды сақтай отырып, туған қаламыздың байлығын еселей түсеміз және биік белестерді бағындыруға қол жеткіземіз.



